Сеулде тұратын қазақстандық Оңтүстік Кореяның вируспен қалай күрескенін айтып берді

АҚШ-та тұратын отандасамыз да сұхбат берді

Фото:shutterstock.com

Қытайдың Ухань қаласынан шыққан коронавирус алғаш, қатты толқынмен шарпыған елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Әдепкіде соққы қатты болғанымен, ел билігі дертті ауыздықтауға барын салды. Қазір ол нәтижесін беріп те жатыр. Ал індетке кешегі күнге дейін немқұрайлы қарап, салғырттық танытқан бір мемлекет болса, ол – АҚШ. Салдарынан қазір елдегі вирус жұқтыру және өлім көрсеткіші әлем бойынша бірінші орынға шықты. Біз осы екі елде тұрып жатқан отандастарымызбен хабарласып, аталған елдердегі ахуал, ондағы қазақстандықтардың іс-әрекеті жайлы хабардар болдық. 

Сайрангүл Даханқызы: 

Сайрангүл 1.jpg

 

«Аты жаман дерт әлемге алғаш тарала бастаған кезде Оңтүстік Корея алдыңғы үштіктің қатарынан көрінді. Бірақ ол кезде бізде қорқу, қобалжу болмады. Себебі, кең ауқымда таралып кетеді деп ойламадық. Қатаң тәртіптің арқасында корей жұрты аурудың бетін қайтарып, есін тез жинап алды. Бұл жақта мектеп, балабақша, жоғары оқу орындары, мейрамхана, қоғамдық орындар карантин талабына сай жабылғанымен түрлі зауыт, фабрикалар аса бір алаңдаған жоқ. Олар сақтық шараларын сақтай отыра жұмыстарын жалғастыра берді. Бір риза болатынымыз – шетел азаматтарын бөліп-жармай, өз жұртындай қабылдап, ауырып қалғандарға көмек беріп жатты. Мұнда Қазақстан, Таиланд, Вьетнам, Қытай азаматтары өте көп. Содан болар шетелдіктер арасында аса көп өлім жағдайы тіркелген жоқ. Осы елде жұмыс істеп немесе оқып жүрген Қазақстан азаматтары дертті жұқтырып ауруханаға түспеді. Біз де карантин кезінде ешқайда шықпай, үйде отырдық. 

Корей жұртының басқа елдерге қарағанда ерекшелігі – коронавирус диагнозымен ауруханаға жатқан адамды ерекше қамқорлыққа алады. Яғни, адам бір ай ауруханада жататын болса, онда оның есепшотына бір айлық жалақысын аударады. Бұл тек Оңтүстік Корея азаматтарына ғана қатысты емес. Басқа ел азаматтарының да (заңды, заңсыз жолмен табыс тауып жатқандарды бөліп-жармайды) ауруханада жатқан күнін есептеп, соған орай жалақысын төлеп береді.

Вирус қатты тарала бастаған кезде елге қайтып кеткен отандастарымыз болды. Оның ішінде келгеніне жылдан асып кеткендер де, небәрі бір-екі ай болғандары да бар. Сол кезде елге кетіп қалып жатқан қазақстандықтарға сәл ренжулі болдық. Өйткені, бойларында вирус бар болса оны туған жерімізге апарып таратады ғой. Сондықтан осында ем қабылдап, кетпегендеріңіз дұрыс еді деген пікірімізді де айттық. Алайда мұндай үгіт-насихатымыз сондай бір кәдеге аспады. Біразы тәуекел етіп тұрақты жұмыстарын тастаған жоқ. Оның ішінде мен де бармын. 

Корей жұрты спортпен көп шұғылданатын халық болғандықтан ауруды жылдам еңсерген сияқты. Әрі гигиеналық тазалықты да жақсы сақтайды. Күніне 2-3 мәрте душ қабылдайды. Қай істі де қол жуып бастайтын қасиетін қазақтарға ұқсатамын. Жалпы, менталитет жағынан біздің халықпен ұқсастығы өте көп. Ал Қазақстанға қарағанда айырмашылығы – бұлар топ болып қыдырып жүрмейді. Қонаққа да көп бармайды. Уақытты аса қадірлеп, ұқыптап пайдалануға тырысады. Таңертең кеткеннен үйіне кешке бір-ақ келеді. Көбіне сырттан тамақтанады. Үйден тамақ жасай бермейді. Үйден тамақ жасамаған соң үйге қонақ та келе бермейді. Мұндағы дәмханалардың тамақ сапасы өте жақсы. Дос-жарандарымен кезігетін болса өздеріне қолайлы мейрамхана немесе кафені таңдай салады. 70-80, тіпті 40-50 адам бас қосатын той-томалақ та жасамайды. 

Тағы бір тәнті қылатыны – корей жұрты аса ұлтшыл, патриот ел. Олар әрбір корей азаматын өз туғанындай жақсы көреді. Отанға деген махаббаты да ерекше. Биліктің айтқанын уақытылы орындайды. Ешқандай байбалам салмайды. Тәртіпті сүйеді. Мұндағы қоғамдық көліктер маскасы жоқ адамды мінгізбей кетеді. Адамның аяғы тиетін жердің барлығына антисептик қойылған. Тегін. 

Мұнда құрылыс компаниялары, өндіріс орындары, түрлі зауыттар өте көп болғандықтан карантин кезінде елде жұмыссыздық қаупі туындай қоймады. Керісінше, жұмыскерлерге деген сұраныс артып кетті. Өйткені әлемнің түкпір-түкпіріне осы елде өндірілген антисептик пен маскалар жөнелтіліп жатты. Ал соның бәріне әрине, жұмыс күші қажет болады. 

Менің мұнда келгеніме үш жылға жуықтап қалды. Қазір баспаханада жұмыс істеп жатырмын. Келген бетте бұл жақтағы медицина сапасы, экономика деңгейі мені таңғалдырды. Қатты ұнады. Әрі жергілікті халықтың кішіпейіл қасиеті де көңілге жақты. Біздің қазақ сияқты үлкенді сыйлап, кішіні құрметтейді. Қолындағы барын аяп қалмайды. Қазірге елге қайту ойымда жоқ. Елімізден келген азаматтар баршылық. Бәрі осында келіп, лезде жұмысқа араласып, несібесін тауып жүр. Қазақтар тілді үйрене алмапты, жұмыс істей алмай көшеде қалыпты дегенді естімедік. Бәрі өз жолдарын тауып жатыр. Сол арқылы Қазақстандағы отбасыларына көмек жіберіп отыр». 

Марат Әлімбаев (аты-жөнін өзгертуді сұрады): 

«Мұнда тағы да карантин енгізіліп, сәуір айының 19-ына дейін созылады деген сыбыс естідік. Бірақ ешқандай мекеме, жұмыс орындары оны ескеріп жатқан жоқ. Бәрі күнделікті жұмысқа барып-келіп жүр. Студенттер мен оқушылар онлайн білім алуда. Мұнда интернет жақсы іске қосылған. Барлық өңірде жоғары деңгейде ұстайды. Елде карантиннің іске асуы да, іске аспауы да әлі нақты болмай тұр. Мен жұмыс істейтін зауытта жұмыстан қысқарту, жалақыны азайту сияқты жайсыз жағдайлар болған жоқ. Алдыңғы жолы карантин болғанда 15-20 күндей жұмысқа шықпадық, үйде болдық. Алайда сол кездің өзінде жалақымыз бұрынғы еңбек тәртібі бойынша толығымен төленді. 

Тағы бір ерекшелігі – ел аумағында дерт жұқтыру жағдайы тіркелсе, міндетті түрде 54 миллион корей азаматына коронавирус жұқтырған азамат туралы және оның мекен-жайы туралы ақпарат смс-хабарлама түрінде жіберіледі. Біз сол арқылы қай қалада, өзіміз тұратын қаланың қай ауданында ауру деңгейі қандай екенін біліп, сақтанып жүрдік. 

Толғанай Байысбекова, Оңтүстiк Калифорния Университетiнің магистранты: 

Толғанай 1.jpg

«Қазір үйден шықпай отырмыз. АҚШ бойынша ауру жұқтырғандар саны 490 мыңнан асып кеткен. Ал біз тұратын Лос-Анджелес қаласында вирус жұқтырғандар саны 8000-ға таяп қалыпты. Қазір АҚШ вирус жұқтыру көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Біріншіден, бұл осындай алып елдің коронавирустің келуіне дұрыс дайын болмағандығынан деп ойлаймын. Екінші себеп – адамдардың өз өміріне немқұрайлы қарауы. Қазір бізде Калифорния штаты губернаторының, Лос-Анджелес қаласы майорының (әкімі) үйде отыру, халықты қауіптен сақтау жайлы кампанияларына құлақ асып жатқан адамдар саны өте аз. Көшеге шықсаңыз адамдар шоғыры бірден көзге шалынады. Штат Тынық мұхиты жағасында орналасқандықтан, мұнда жағалау өте көп. Адамдар жағалауға барып серуендеулерін тоқтатпаған соң, бір аптадан бері барлық жағалауды жауып тастады. Адамдар жиналмасын деп жағалаудағы паркингтер де жұмысын тоқтатты. Одан бөлек, адамдар жиналатын өзге де орындарға шектеулер енгізілді.  

Шектеулер мұндағы азық-түлік дүкені, аптекаларда да жолға қойылған: екі адамның арасы 3 метр болу керек деген сияқты. Мекеме басшылығы оны қатаң сақтауға тырысады. Үлкен дүкен болса 10 адамнан, кіші дүкен болса 5 адамнан артық кіруге болмайды. Карантин басталған мезетте адамдар жаппай азық-түлік, қажетті тауарларды алып, қатты үрейленген. Қоғамда ажиотаж болды. Қазір ол толқу басылды. Тамақ, басқа да күнделікті қажетті заттардан тапшылық көріп жатқан жоқпыз. Тек маска, антисептик сияқты заттарға деген сұраныс өте жоғары болғандықтан, кейде оларды табу қиынға соғады. 

Менің білуімше, АҚШ-та 321 қазақстандық студент «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алады. Бірақ олардың белгілі бір бөлігі Қазақстанға қайтты деп естідік. Дегенмен нақты статистиканы білмеймін. Біз тәулік бойы «Болашақтағы» кураторларымызбен WhatsApp және Telegram арқылы байланыстамыз. Арнайы топта әркім өз жағдайынан хабар беріп отырады. Жалпы, пандемия АҚШ-қа жеткен кезде «Болашақ» орталығы хабарласып, ниеттілер болса елге алып қайтамыз деген ұсыныс айтты. Сол ұсынысқа келісіп отанға қайтқан оншақты адам бар. Оларды орталықтандырып Нью-Йоркке жинап, ол жерден Мәскеуге дейін апарып, әрі қарай Внуково әуежайынан Қазақстанға жеткізген. Минск және Стамбұл арқылы да ұшып кеткендер бар секілді. Бірақ қазіргі уақытта әуе рейстері қатаң түрде шектелді. Білуімше, Еуропаға тек KLM Air France әуе тасымалдаушысы арқылы ғана ұшып жатыр. Дәл қазір Қазақстанға бару біз үшін қолайсыз. Себебі, рейс жоқ. Болған күнде де ол жердегі қауіпсіздік күмән ұялатады. Ол жерде адамдардан алыс отыратын мүмкіндік жоқ. Яғни, вирус жұқтыру қаупі жоғары. Сол себепті, біз осында қала беруді жөн санадық. Сабақ онлайн жүріп жатыр. Мамырдың 15-інде оқуды аяқтаймыз. Елге қайтамыз. Ал 1-курсты бітіріп, бірақ Қазақстанға бармауды жөн санаған азаматтарға жаз кезінде стипендия беріледі деп естідім». 

Еске салсақ, қазір Оңтүстік Кореяда пандемиядан 10 480 адам зардап шегіп, 211 адам көз жұмған. Ал 7000-нан астам адам жазылып шыққан. 

АҚШ-та індет жұқтырғандар саны 504 мыңға жетті. Олардың 18 мыңы көз жұмып, 28 мыңнан астамы жазылып шыққан. 

Әлем бойынша 1 миллион 700 мыңға жуық адам осынау қатерлі індетті жұқтырып алған. 

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif