Павлодар облысы карантинге жабылады

Жарияланды
Қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды

Карантиннің жариялануына байланысты ертеңнен бастап балабақша, емхана, азық-түлікке жатпайтын тауарларды сату орындарының жұмысы тоқтайды. Сонымен қатар, облыс және қала ішіндегі қоғамдық көлік жүрмейді. Яғни, автобустар, шағын автобустар мен трамвайлардың қозғалысы толығымен тоқтайды. ⠀

Онлайн-брифинг барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімханов  тұрғындарға тек үйдің жанындағы дүкендер мен дәріханаларға баруға рұқсат берілетінін айтты.  Жұмыс орындарына да арнайы рұқсатқағазбен баратын болады. Қоғамдық көліктердің қатынасы тоқтағандықтан, кәсіпорындар мен мекемелер қызметкерлерін тасымалдайтын көліктермен қамтамасыз етуі тиіс.

«Павлодар қаласының аумағында 7 блок бекет қойылады. Бұл бекеттер қалаға қарасты елді мекендердің шекарасына орнатылады, яғни Ленин кенті, Кенжекөл, Мойылды, Жетекші, Павлодар ауылдарының тұрғындары облыс орталығына келе алады. Дәл осындай блок бекеттер аудан-қалалардың шекараларында да қойылады»,-деді Сұңғат Есімханов.

Ал Павлодар қаласы 64 секторға бөлініп, 10 автопатруль жүреді. Тұрғындар мен кәсіпкерлердің карантинге қатысты мәселелерін тез арада шешу үшін жедел әрекет ету орталығы құрылды. Азаматтар белгіленген байланыс нөмірлері арқылы кез келген уақытта қоңырау шалып, сұрақ қойып, кеңес ала алады. 

 

 

Сондай-ақ оқыңыз