42 500 теңгенің дауы. Министр 3 миллиондай адамның өтініштері неліктен кері қайтарылғанын айтып берді

160 мың адам ЖСН нөмірлерін қате жазған

Фото: Асқар Ахметуллин

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов брифинг өткізіп, 42 500 теңгеге қатысты туындаған сұрақтардың жауабын берді. Ведомство басшысының айтуынша, азаматтардың ЖСН, банк есепшоты нөмірін қате енгізуі министрлікті біраз әуре-сарсаңға салған. 

«Төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылып қалған азаматтарға арналған әлеуметтік төлем 3 миллион 960 мың адамға тағайындалды. Ол үшін 157 миллиард теңге бөлінді. Үш бағыт бойынша ақпарат бергім келеді. Біріншісі – жауапкершілікке қатысты, екіншісі – бас тарту әрекеттеріне байланысты, ал үшіншісі – ережеге енгізіліп жатқан өзгерістерге қатысты»,– деп бастады өз сөзін Біржан Нұрымбетов. 

Министр әлеуметтік төлемді алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген дақпырттың жалған екенін қадап айтты. Ол тіпті мұндай ақпарат таратқан заңгерлердің де аты-жөнін атап берді. 

«Соңғы 4-5 күнде әлеуметтік желіде, қоғамда 42 500 теңгені алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады екен деген әңгіме көп тарауда. 5 сәуірден бастап біздің біраз заңгерлеріміз осы мәселеге орай өздерінің пікірлерін айта бастаған. Оның ішінде ерекше атап айтатыны – Данияр Нұрланұлы және Руслан Қожахмет сынды заңгер азаматтар zakon.kz сайтында қылмыстық кодекстің алаяқтыққа қатысты баптарын талқылап, соны 42 500 теңге төлеміне қатыстырып мақала жазған.  Олар осы мақалада «министр Нұрымбетовтың ешкімді тексеріп жатпаймыз деген сөзін жұмыс берушілер пайдаланып жалған мәліметтер беруі мүмкін» деп жазған. Осыған байланысты айтарым: бірде бір адам 42 500 теңгені алғаны үшін, тіпті жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Неге біз оның ешқайсын тексермейміз? Себебі, бұл – әлеуметтік төлем. Елімізде осы төтенше жағдай орын алмағанның өзінде елімізде халықтың басым бөлігінің табысы аз екені белгілі. Жалақы мөлшері төмен. Зейнетақы, жәрдемақылар көп емес. Сондықтан 42 500 теңгені алсаңыздар, еш уайымдамаңыздар. Қажеттеріңізге жаратыңыздар», – дейді министр. 

Сонымен қатар министр жалдамалы қызметкерлердің бұл әлеуметтік төлемді алуы және министрліктің өзгерістерді жиі енгізуіне қатысты да түсініктеме берді. 

«Ел арасында «осы төлемді барлығына неге төлей салмайды?» деген сұрақ бар. Бұған айтарым, ТЖ-ға байланысты Үкімет тарапынан біраз көмек қарастырылды. Ол – несие, салық, қарыздарды шегеру. Зейнетақы мен жәрдемақы тоқтаған жоқ, олар қайта ұлғайды. Жаңа қаражат бөлінгенге дейін біз сәуір айын төлеп қойғанбыз. Сондықтан индексация жасалған қаражат мамыр айында төленеді. Халықтың әлжуаз топтарына коммуналдық шығынды төлеу бойынша 15 мыңнан төлем енгізілді. Оған да тиісті мамандар келіп түсініктеме береді. Ал 42 500 осындай көп төлемнің бірі ғана. Соған сай оның өзіне тән шарттары бар. Негізгі шарты – ТЖ салдарынан табысынан айырылған азаматтарға төленуі. 

Жалдамалы жұмыс істеп жүрген қызметкерлер 42 500-ді ала алады. Егер жұмыс беруші мәжбүрлі ақысыз демалысқа жіберген болса. Басқа жағдайда бұл төлемді ала алмайды. Егер жұмыстан шығып кетсе, онда 6 айға дейін төленіп отыратын басқа төлем бар. Ол үшін ресми жұмыссыз ретінде тіркелуі керек.  

26 наурызда осы ережені әзірлеген кезде: 
•    Жұмыс берушілер жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберу жөнінде бұйрықтарын тіркеу; 
•    Не үшін олардың есепшотындағы ақшаның жоқ екенін көрсету; 
•    Үлкен сауда орталықтарын жалға алып отырғанын растайтын құжаттарын көрсету деген талап болған. 
Бірақ қоғамның талабы, халықтың айтуы бойынша екі күннен соң оны алып тастадық та, хабарландыру тәртібіне көштік. Сөйтіп, өтініш берген кезде «Иә, ТЖ-ға байланысты табысымыздан айырылып қалдық» деген жазба тәртібін енгіздік. Біз сол өтінішке сеніп, оларды қабылдадық. Бірақ тәртіп болу керек. Тағы да айтамын, жеке тұлғалар, ИП, өз бетінше жұмыспен айналысып жүргендер болсын, 42 500-ді алу бойынша ешқандай проблема жоқ. Ешкімнен ешқандай ақшаны қайтаруды міндеттемейміз. Ал тұрақты жалақы алып жүріп осы өтініштен үміттенгендердің әрекеті заң бұзушылыққа алып келеді. Бұл дұрыс емес. 

Бұл төлем мемлекеттік сақтандыру қорынан беріліп жатыр. Ол қор – бұл төлемнен басқа мүгедек жандарға, асыраушысынан айырылған адамдарға, жұмыссыз қалғандарға, бала күтімінде отырғандарға, декреттік демалыстағы аналарға ақша төлеп келе жатыр. Сондықтан осыншама қаражатқа жауапты болған соң олар заңсыз жіберілген өтініштерге төлемейді. 

Ақысыз демалысқа шықпаған жалдамалы қызметкерлерге ғана сұрақ бар. Олар заңсыз алған. Біздер 3 миллионға жуық адамның өтініштерінен бас тарттық. Бірінші себеп – ЖСН-ды дұрыс көрсетпеген. 160 мыңдай адам осындай қате жіберген. Екіншісі – банк реквизитін көрсету кезіндегі қателік. Негізінде 20 саннан тұратын есепшот нөмірі қабылданады. Кейбіреулер карточкадағы нөмірді жаза салған. Осы күнге дейін 800 мыңдай адамның есепшотын банктер қайтарып берді. Сөйтсек, ол есепшоттар жабылып қалған екен. Сосын біз жұмыс істеп тұрған есепшоттарды тауып, соған ақшаны жібердік. 70 мыңдай адамның есепшоты дұрыс емес болып шыққандықтан, ол адамдарға смс-хабарлама жіберіп, дұрыс есепшотты жіберуін сұрадық. Үшінші – мемлекеттік қызметкерлердің, жабылмаған мекеме жұмысшыларының өтінішін қайтарып жатырмыз. Ескертіп айтарым, мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне бұл төлем берілмейді. Себебі, олардың жұмысы шектелген жоқ. Олар қашықтан жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар зейнеткерлер, мүгедек жандардың да өтінішін кері қайтардық. Себебі, оларға берілетін зейнетақы, жәрдемақы тоқтаған жоқ. Тек қана сол зейнеткер, мүгедек жан ТЖ-ға дейін ресми жұмыс істеген болса, оның атына әлеуметтік аударымдар жасалып тұрса ғана 42 500 теңге төленеді. Төртінші себеп – мемлекеттік сақтандыру қорына соңғы 12 айдың ішінде мүлдем әлеуметтік төлем жасамаған азаматтардың өтініштері кері қайтарылды. Мен жеке өзім оншақты адамның мәліметтерін қарап шықтым. Сонда байқағаным сіз жұмыс істейтін мекеме басшысының, бухгалтерияның бірде-бір әлеуметтік төлемдерді жүзеге асырмағаны анықталып жатыр. Соңғы жағдай – қайтыс болып кеткен және шетелге көшіп, сол жақта тұрып жатқан азаматтардың атынан берілген өтініштер. 

42500.enbek.kz сайтында өзіңіздің мәртебеңізді анықтайтын тұсы бар. Сол жерде өтінішіңіздің қай сатыда жатқанын біле аласыз. Сол жерде сіздің өтінішіңізге «отказ» келгені туралы ақпарат та тұрады. Оған қосымша 1411 нөмірінде колл-орталық жұмыс істеп жатыр. Ол жерде 50 оператор қызмет көрсетеді. Барлық сұрақтарға жауап береді. Жалпы сұрақтар бойынша 1414 нөмірі жұмыс істейді. 

Көптеген адамдар осы министрлік ережелерді жиі өзгерте береді, халықты жаңылыстырады деп айтып жатады. Ол дұрыс емес. Біріншіден, 23 наурыз күні президентіміз осындай төлемді енгізу туралы жария еткеннен кейін біз елімізде бұрын болмаған әлеуметтік төлемді ұсындық. Өтініш беру, тағайындау жолдарын реттедік. Өте жеңіл түрде. Одан кейін халықтың талап, арыз, өтініштері толассыз түсе бастады. Біз соларды ескере отырып өтініш беру, тағайындау жолын ыңғайлату, жеңілдету бойынша ғана өзгерістер енгіздік», – деді Біржан Нұрымбетов. 

Министрдің айтуынша, министрлік жеке куәлігінің мерзімі аяқталған азаматтарды да әлеуметтік төлем алатындар тізіміне қосқан. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif