Жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасы неге шешілмей тұр?

Еңбек нарығындағы ахуал қандай

Фото:shutterstock.com


Дәл қазір Қазақстанда 19 137 шетел азаматы жұмыс істеп жүр. Мұндай ақпаратты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратты. Олардың арасында басшылық қызметтерді атқаратындар да, қарапайым жұмысшылар да жетерлік. Олар отандық 2000-нан астам жұмыс орындарында нәпақа тауып жүр. 

Министрлік мәліметінше, олардың көбі құрылыс саласында (8582 адам) жұмыс істеп жүр. Одан кейін шетелдіктер тау-кен өнеркәсібі, өңдеуші өнеркәсіп, ғылыми-техникалық салалардан жұмыс тапқан.

Көбіне біздің елге Қытай, Түркия, Үндістан, Ұлыбритания, Өзбекстан елдерінен жұмысшылар жиі келеді екен. Әрине, бір ел азаматтарының екінші бір елге барып жұмыс істеуі қалыпты құбылыс. Бірақ бұл орайда өз азаматтарын тиісті жұмыспен қамту, олардың нарықтағы бәсекелестікте жұтылып кетпеуі де ойластырылады. Осыған байланысты ішкі нарықты қорғау мақсатында жыл сайын үкімет шетелдік мамандарды тартуға байланысты квота белгілейді. 2020 жылға квота 0,32 пайызбен бекітілген. Санға шаққанда бұл шамамен 29,3 мың жұмыс күші дегенді білдіреді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 8,7 миллион адам еңбек етеді екен. Алайда жастар арасындағы жұмыссыздық – нарықтағы тұрақты проблемаға айналып барады. Finprom.kz дерегінше, 2019 жылы 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар саны 80 мыңнан асқан. Сарапшы Сәуле Қалиева бұл мәселенің басты себептерін атады. 

«Дерекке сүйенсек 2,1 миллион жас 20-28 жас аралығындағы азаматтар екен. Яғни, жастар Қазақстанның экономикалық белсенді тобының ширегін құрайды деген сөз. Бұл ретте 2014-2018 жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 0,4 пайыздан 3,8 пайызға дейін төмен түскен еді. Бұл шамамен 22 мың адам. Қазір нарық заманы. Соған бейім болу керек. Алайда өз бизнесін қалыптастыру және оны жүргізуге байланысты тәжірибесінің аздығы, қабілетінің төмендігі салдарынан жастар көп жағдайда жалдамалы жұмысшы болып табыс табуға мәжбүр. Олардың біразы өнімділігі төмен салаларда жұмыс істеп жүр. Көп ретте олардың бастапқы капиталдарының болмауы, тым қымбат жалға алу құны, бизнесті жүргізу тәжірибесінің аздығы немесе жоқтығы, салық төлемдерін уақытылы атқармаудың соңы жұмыссыздыққа, еңбек нарығындағы сәтсіздікке әкеліп соқтыруда. Содан болар нарықтағы жастар үлесіне зер салсақ олардың 76,1 пайызының жалдамалы қызметкер ретінде табыс тауып жүргенін байқаймыз. Тек 23,9 пайыз жас қана өз-өздерін жұмыспен қамтыған. Соның өзі көп жағдайда ауылдық жерлерде, аз жалақыға қанағат етіп отырғандар» дейді экономика институтының бас ғылыми қызметкері. 

Сәуле Қалиева ұсынған маңызды деректер: 

•    Қазақстанда 42,9 пайыз жас толық және аяқталмаған жоғары білім алғандар. 

•    Ресми дерек бойынша жұмыс істеуші жастардың орташа айлық жалақысы 115,4 мың теңге екен. Бұл экономикадағы жалпы орташа айлық жалақы көлемінен бір жарым есеге төмен. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару салаларында жалақы аз. 

•    Жоғары және аяқталмаған жоғары білім алған жастардың 35,9 пайызы жұмыссыз. Орта біліммен шектелгендердің 39 пайызы жұмыссыз. 

Маманның айтуынша, еңбек нарығындағы басты нәрсе – тек нақтылы мамандықты меңгеру ғана емес, жиі өзгеріп отыратын жекелеген қабілеттерге де ие болу. Бұл ретте бүкіл әлемдік «The Future of Jobs Report 2018» экономикалық форумының есебінде сарапшылар мамандықтарды үшке бөліп қарастырған: тұрақты, жаңа және жоғалып кету қаупі бар. Ал таяуда өткен IDC Future of Work Forum жиынында сөз алған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқұшев алдағы бес жылда еңбек нарығында елеулі өзгерістер болатынын айтты. 

    «2026 жылы бес-алты жыл бұрынғы өзекті болып тұрған 65 пайыз мамандыққа деген сұраныс тоқтайды. Ал 2030 жылы 800 миллион мамандықты робот қызметі алмастырады. Дәл қазір сұранысқа ие болып тұрған ең танымал мамандықтар 10 жыл бұрын нарықта мүлде жоқ еді» дейді вице-министр. 
    Әрине, мұндай сан алуан өзгерісті тек күтіп қана отырмай, соған лайықты дайын бола білу де өте маңызды. Әйтпесе, бұл ел экономикасына үлкен қауіп төндіреді. Вице-министрдің айтуынша, қазір министрлік экономиканың аса маңызды 9 бағыты бойынша «жаңа мамандықтар Атласын» әзірлеп жатыр екен.


    «Олар тау-кен өндірісі және металлургия, мұнайды өндіру және өңдеу, ауыл шаруашылығы, транспорт және логистика, IT, машина құрастыру және металл, туризм, энергетика, құрылыс және құрылыс материалдары. Мұны экономика министрлігімен ақылдаса отырып тізімдедік. Анализ нәтижесі бойынша алдағы 3-7 жылға жоспарланған сұранысқа ие мамандықтар тізімі жасақталады. Барлық мамандықтарды біз – жаңа, өзгермелі және жоғалған деп үш бағытқа бөліп қарастырамыз. Әзірге «Атлас» жобасы 80 пайызға дайын. Оны осы жазда іске қосамыз» депті Үкімет өкілі.

    Айта кетейік, «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес еңбек нарығын дамыту үшін қазынадан 18 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Оның көбі Түркістан облысына, атап айтсақ 3,7 миллиард теңге беріледі. 2 миллиардтан көп қаражатты Қызылорда облысына берсе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы 1 млрд теңге алмақ. Бұл орайда Нұр-Сұлтан мен Алматыға небәрі 500 млн теңге бөлінбек. Бұл қаржының барлығын жергілікті атқарушы органдар шағын және орта бизнесті өрістетуге, жалақыны субсидиялау мен жастар практикасын дамытуға жұмсауы тиіс. 
    Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек нарығын реттеуге байланысты 7 негізгі тапсырма берген болатын. 
•    Біріншісі – еңбек нарығы талаптарына сай келетін кадрлар даярлау; 
•    Екіншісі – сапалы жұмыс орындарын құру; 
•    Үшіншісі – жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын қамтамасыз ету; 
•    Төртіншісі – жастарды жұмыспен қамту; 
•    Бесіншісі – жұмыспен қамту саясатын инклюзивті әдіспен қамтамасыз ету; 
•    Алтыншысы – еңбек мобилділігін арттыру; 
•    Жетіншісі – гендерлік теңдікті нығайту. 

Біз алдағы уақытта осы жеті бағыттың әрқайсына жеке материал арнап, сараптама жасайтын боламыз. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif