Қазақстанда жасына қарай кемсітудің қай түрі басым?

Онымен күресудің жолы қандай

Фото: Shutterstock

Бала кезден «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» дегенді санаға сіңіріп өстік. Бірақ осы мақалдың бірінші бөлігін ғана жақсы ұстанатынға ұқсаймыз. Мұнымен не айтқым келіп отыр? «Үлкеннің сөзін бөлме, сәлем бер, орын ұсын, жағаласпа, оның айтқаны үнемі дұрыс» деп жиі айтамыз. Таяқтың екінші ұшы – жастарға ізет көрсетуге келгенде кенделеуміз. Әлбетте, алдыңғы арбаның көпті көргенін ешкім жоққа шығармайды. Десек те, кейінгісінің мүмкіндігін тиісті бағалай білсек, экономикаға да, әлеуметке де орасан пайдасы тиер еді. 

Эйджизм немесе жасына қарай кемсітудің екі түрі бар: жастар және қарттарға қатысты дискриминация. Егде тартқандар қандай қысым көреді? Олар жасы ұлғайған сайын еңбекке жарамсыз саналып, көп жол жабылады. Психологиялық жағынан алсақ, өзін әлі қарт сезінбейтіндерге жастардың автобуста орын беруі, «апа-көкелеп» сөйлейтіні ұнамауы мүмкін. Теңсіздіктің бұл түрімен бүкіл әлем күресіп жатыр. Түрлі заң мен нормалар бар. Мәселен, зейнет жасына жақындаған адамды жұмыстан шығармайды. 

Айтқандай, қарттарға қатысты эйджизм Қазақстанда сирек кездеседі. Керісінше, үлкендер тарапынан жастар көбірек қысым көреді. Бір ғана сөз – «кіп-кішкентай болып, сен не білесің?». Мұны екінің бірі естіген болса керек. Басшылыққа келген жас маман жайлы мұрын шүйіре сөйлеу, тәжірибесі аз болса да, білігі мықты кейінгі толқынды мойындамау, өзінікін ғана дұрыстап, жастың пікірін терістеп, максимализм деп жылы жабу да – әбден қанға сіңген. Яғни эйджизмге тұрмыста да, жұмыста да тап болатындар көп. Ең қиыны сол, екі жақтан да қысым бар.

Жыл басынан бергі статистикаға үңілсек, бүгінде елімізде 15 жасқа дейінгі тұрғындар саны – 4 074 613. 14 пен 65 жас аралығындағылар – 13 425 267, одан үлкендерінің саны 1 396 438 екен. Жас категориясы бойынша осы үш жас аралығы қамтылған. Еңбекке жарамды бөлігі, әлбетте, көп. Бірақ біз айтып отырған эйджизм бір категорияның ішіндегі қос тарап арасында болады. Зейнетке шыққандарға екі бастан бағдаршамның жасыл шамы үнемі жанып тұрады. 

Кәсіби тұрғыға келгенде, еңбек өтіліне қарап бағалау қалыптасқан. Тіпті жұмысқа орналасу үшін мамандық бойынша кем дегенде үш жыл жұмыс өтілі болуы шарт. Оқу орнын енді тәмамдағандар тәжірибесіз болатынын ескерсек, оған көп кабинеттің есігі жабық. Жастар практикасына арналған бағдарламалардың әсері де білінер-білінбес. Жарты жыл азғантай айлыққа жұмыс істеп, артынша көлік жуып, не даяшы боп кетеді. Мұндай жағдайлардың бары жасырын емес. 

Жастар жылы деп жариялап, Мағжанның «Мен жастарға сенемін» сөзін ұранға айналдырдық. Расында жастар әлеуетіне сенеміз бе? Айтқан пікіріне мысқылмен емес, шынайы жауап қатамыз ба? Мәселе – осында. Асылы, өмірдің бір кезеңінен келесісіне өткенде әр сәттің өзіне тән өзгешелігін ұмытпау қажет. Айталық, қызба мінез жас салмақты ағадан үлгі алады, заманы басқа болған буын кейінгіні шынайы қолпаштайды. Осылай болғанда ғана арпалыс емес, алға жылжу болады. 
  

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG

banner_wsj.gif


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_opros.gif

kursiv_opros.gif