Ресейлік компания Өзбекстанда күн батареяларын шығаруды ұсынды

Жарияланды (жаңартылды )
Ол үшін тараптар бірлескен кәсіпорын ашуы мүмкін

Ресейлік «РЕНОВА» компаниясы Өзбекстанда біріккен кәсіпорында күн панельдерін шығаруды ұсынды. Аталмыш мәселе ӨР энергетика министрі Әлішер Сұлтанов пен «РЕНОВА» Компаниялары тобы директорлары кеңесінің төрағасы Виктор Вексельберг арасында болған келіссөздер барысында талқыланды.

 Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ресейлік тарап энергетика саласындағы жобаларды Өзбекстанда жүзеге асыруға және күн электр станцияларын салуға, сондай-ақ ЖЭК-тер үшін құрал-жабдықтар жеткізуге мүдделілік танытты. 

Энергетика министрлігінің басшылығы назарды табиғи газды терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнімдер шығару үшін өндірісті әртараптандыру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға аударды.  Бұл жерде әңгіме тоқыма саласы үшін полимерлік және синтетикалық талшықтар өндірісін ұйымдастыру туралы болып отыр..

Тараптар бірлескен жұмыс тобын құру және белгіленген жобаларды жүзеге асыруға арналған мүмкіндіктерді зерделеу үшін ресейлік мамандардың сапарын ұйымдастыру туралы келісімге келді. 

Естеріңізге салсақ, «РЕНОВА» Компаниялары тобы Ресейдегі және шетелдердегі металлургия (UC Rusal), мұнай, машина құрылысы, тау-кен өндірісі, құрылыс, энергетика, телекоммуникация, нанотехнологиялар, тұрғын үй-коммуналдық және қаржы секторындағы  активтерге ие. Компания РФ-дағы электр энергиясының аса ірі өндірушісі болып табылады. 

Биыл Өзбекстанда құны $100 млн-ды құрайтын елдегі алғашқы күн электр станциясының құрылысы басталады. Оны Науаи облысында салу жөніндегі тендерді Біріккен араб әмірліктерінің Masdar компаниясы ұтып алды. Қазір Өзбекстан Самарқан және Жизақ облыстарында күн электр станцияларын салу үшін екінші тендер жариялады. 

Сондай-ақ оқыңыз