2020 жылы ең ірі жел генераторы іске қосылады

Жарияланды
Ол Ақтөбе облысында салынып жатыр

Ақтөбе облысында еліміздегі ең ірі «Бадамша» жел генераторы салынып жатыр. Қазір құрылыстың 65 пайызы аяқталған, жел генераторы жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен қазақ-итальян бизнес-форумы барысында «Eni» мұнай-газ компаниясының Қазақстан филиалының жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жобалары бойынша менеджері Алекс Стиловато айтып өтті. 

«Біз жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қолдаймыз. Осы бағыттағы жобаларға 1,4 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде осы  қаржының 15 пайызы Қазақстандағы жобаларға бөлінеді»,– деді Алекс Стиловато.

Ақтөбеде салынып жатқан жел генераторы – аталмыш компанияның қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба.

«2020 жылға қарай алғашқы нәтижесін көреміз. Құрылыс пен  жобаны жүзеге асыру барысында жұмысқа жергілікті мамандар тартылады»,–  дейді ол.

Спикердің айтуынша, Қазақстанның күн энергетикасын дамытудағы әлеуеті жоғары:

«Қазақстанның, әсіресе елдің оңтүстігінде Күннен энергия алудың әлеуеті жоғары. Біз жаңа коммерциялық модель мен бизнес-бағыттарды зерттейміз: жел генераторлары, күн батареялары, соның ішінде, геотермальды энергия да бар».

Eni компаниясы Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында  ел үкіметімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл қызмет инвестиция тартуда басымдыққа ие жаңартылатын энергия көздерін дамытуды да қамтиды.

Айта кетейік, 13 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында Италияның Сыртқы істер министрінің орынбасары Манлио Ди Стефаноның Қазақстанға жұмыс сапары аясында  Қазақстан-Италья бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің іскерлік топтарының, ұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Форум барысында энергетика, ЖЭК, мұнай-химия, өңдеу өнеркәсібі және АӨК саласындағы жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ оқыңыз