Павлодарда Алашорда қайраткерлеріне арналған мурал салынды

Жарияланды
Ұлт зиялыларының суреті – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту

Павлодар педагогикалық университеті жатақханасының қабырғасында Алашорда қайраткерлерінің суреті бейнеленген мурал пайда болды. 

Муралдың эскизін қоғам қайраткерлері мен мәдениет өкілдерінен құрылған арнайы комиссия таңдап, белгіледі. Кейін аэрография студиясы сурет салу ісіне кірісті. Мамандар жұмысты бірнеше күн аралығында аяқтады. 
Арт-туындыда Алашорданың 7 өкілінің суреті бейнеленген. Шаңырақ астында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақов Дулатовтардың суреттері бар. Сондай-ақ, муралда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деген жыр жолдары жазылған.

Павлодар педагогикалық университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенконың айтуынша, мурал – Алашорда қозғалысының өкілдеріне деген құрметтің бір белгісі. Тәуелсіздікке жасалған мұндай тарту университет үшін де, жалпы қала үшін де үлкен маңызға ие болмақ. 

«Муралдың жоғары оқу орны жатақханасының қабырғасына салынуы тегін емес. Болащақ ұстаздар, жастар рухы мықты осындай азаматтардан үлгі алып, егемен елдің өркендеуі жолында үлес қосады деген сенім мол», – дейді Ольга Андрющенко. 

Муралдың таныстырылымына қатысқан зиялы қауым өкілдері де бастаманы құптап, осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға ұсыныс білдірді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз