«Грэмми» жүлдесі 14 наурызда табысталады

Жарияланды
Музыкалық бәйге 31 қаңтарда өтуі керек еді

Әлемдік деңгейде басты музыкалық жүлде саналатын «Грэмми» сыйлығын табыстау мерзімі шегерілді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар шараны кейінге қалдыруға эпидемиологиялық жағдай себеп болып отыр. 

АҚШ-тың дыбыс жазу академиясы көпшіліктің пікірін ескере келе, осындай байламға тоқталғанын хабарлады. 

«Лос-Анджелесте коронавирусқа баланысты жағдай ушығып тұр. Ауруханаларда орын жоқ, медицина қызметкерлері демалыссыз жұмыс істеуде. Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылармен, шара жүргізушілерімен және әртістермен осыған қатысты пікір алмасқаннан кейін біз 63-ші марапаттау рәсімін 2021 жылдың 14 наурызында өткіземіз деп шештік», – деп жазылған ұйымдастырушылардың ресми хабарламасында. 

 

 

 

Айта кетелік, биыл «Грэмми» номинанттарының қатарына ел тарихында алғаш рет қазақтың баласы ілікті. Павлодарлық ди-джей – Иманбек Зейкенов «Үздік ремикс» аталымында жүлде алудан үмітті. Сонымен қатар, номинаттар сапында Бейонсе, Тейлор Свифт, Дуа Липа, Roddy Ricch сынды есімдері жер жаратын өнер жұлдыздары бар.

Олардың қайсысы жоғары дәрежелі жүлдеге лайық екенін құзырлы адамдардан құрылған қазылар алқасы шешеді. «Грэмми» 30 музыкалық жанр бойынша үздік атанғандарға табысталады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз