Банкке несие рәсімдеуге барған кезде нені білуі керек?

Жарияланды
Қарапайым клиент білмейтін көптеген жағдай бар

Несие мәселесінің көптеген азаматқа қатысы бар. Сондықтан кейбір білу керек жәйттерді маман кеңесімен қосып жариялап отырмыз. Мысалы, несие рәсімдеу кезінде пайыздық ставканы төмендету көп тұтынушыны қызықтырса керек. 

Несие рәсімдеуші кез келген тұтынушы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің деңгейін білуі керек. Оның мөлшері несие ауқымымен байланысты. Алайда жақыннан бері максималды ставка сомасы бекітілді. Оны займ түріне қарап ажыратуға болады. Банк те, өзге қаржы институты да үстеме төлемді максималды шекті деңгейден асыра алмайды. Сол үшін банк немесе микроқаржылық ұйым бекітетін комиссия туралы алдын ала білу қажет. 

«Артық төлем жасап жүрмес үшін және тиімді несие алуы үшін комиссияға мән берген жөн. Бұрын Қазақстанда несиеге көрсетілген қызмет үшін ай сайынғы комиссия болып еді. Ол төлем графигіне де енгізілген. Яғни, қазақстандықтар қосымша үстеме төлем жасайтын. Қазір ондай жоқ, ондай несиелердің берілуі – заңсыз. Қаржы институттары тек несие беруге байланысты бір реттік комиссия алуға ғана құқылы» дейді банк мәселелері жөніндегі сарапшы Нұржан Бияқаев

Артық төлемнен несиені мерзімінен бұрын жабу кезінде де арылуға болады. Қарыз алушы графикке бағынбай-ақ несиесін толықтай немесе ішінара жауып тастауға құқылы. 

«Несиелеу мерзімі қаншалықты қысқа болған сайын артық төлем мен ставка да соншалықты  аз болады. Артық төлемнен үнемдеу үшін ішінара мерзімінен бұрын жауып отыру маңызды. Бұл нәрсені несие рәсімдеген соң 14 күнтізбелік күннен кейін кез келген уақытта істей аласыз» дейді эксперт. 

Клиент несие алудағы мақсатына байланысты қолайлы банкті таңдап, сосын оның барлық ұсыныстарымен және мемлекеттік бағдарламаларымен танысып шыққаны дұрыс. Оның айтуынша, мысалы «Отбасы банктегі» несиелеу ставкасы өзге екінші деңгейлі банктерден басқаша. Мемлекеттік банк болғандықтан бұл қаржы ұйымының артық төлемі аз, біршама тартымды, сондықтан да әлдеқайда тиімді шарт ұсына алады. 

«Қарыз жүктемесінің коэффицентін ескеру қажет. Банк несие беру кезінде қарыз алушының ресми табысына мән береді. Азаматтың барлық шығыны мен өзге де қарыздарын өтегеннен кейін табысының тең жартысы өзінде қалуы тиіс. Сондықтан өзінің табысын растайтын барлық қажетті құжаттарды бірден даярлап апарған абзал. Бұл сізді артық жұмыстан арылтады. Банк қарыз алушының табысы мен несие мерзіміне қарай несие бойынша мөлшерлемені төмендетуі мүмкін» дейді сарапшы. 

Бірақ клиент шығындарының сомасы оның табысының 50 пайызынан асып кетер болса онда банк сізге несие беруден бас тартуы мүмкін. Сондықтан бір банкпен шектелмей өзге банктердің де шарттарын салыстырып көрген жөн. Айта кету керек, банк болсын, микроқаржы ұйымдары болсын қашанда клиентке мұқтаж. Сондықтан бірінші кезекте қарыз алушының көңілінен шығуға тырысады. 

Сонымен қатар сарапшы пайыз бойынша артық төлем сомасы сақтандырусыз төмен болуы мүмкін дегенді айтады. Егер сіз қысқа уақытқа шағын несие алсаңыз немесе уақытынан бұрын төлеп тастауды қарастырсаңыз, онда сақтандыру полисі үшін төлеген жөн бе, әлде керек емес пе дегенді ойланып алыңыз. 

«Банк сақтандыру компанияларымен келісе отырып несие бойынша сақтандыру полисін ұсынады. Бұл егер клиент қайтыс болған немесе еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда банк тақырға отырмас үшін керек. Ондай жағдайда клиент шығынын сақтандыру компаниясы өтейді» дейді. 

Назар аударар жағдай – несие келісімшартына қол қойылғанған дейін барлық шарттар мұқият оқылып, белгілі болуы қажет. Әркім пайыздар мен артық төлемдерді есептеп, салыстырып шыға алады. 

«Қарыз алушы несиелеу шартын өзі таңдайды. Онымен банк сайтында танысуға болады. Қазақстан заңнамасына сәйкес барлық ставкалар туралы дұрыс ақпарат орналастырылуы керек. Егер бұл шарт орындалмаған болса онда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып, шағым түсіре аласыз. Агенттіктің немесе әрбір банктің сайтында несие калькуляторы бар. Ол арқылы клиент өзіне қажетті несие сомасын қойып, есептеп көре алады» дейді сарапшы. 

Сондай-ақ эксперт әртүрлі банктердің немесе микроқаржы ұйымдарының сайтынан келген хабарламаларға мұқият назар аудару керек дейді. Себебі, қаржылық алаяқтар соңғы уақытта ресми сайттардың өзін пайдалана бастаған. 

«Жіберілген сілтеменің басында https әріптері тұруы міндетті. Соңында қойылған s әрпі бұл сайттың қауіпсіз екенін және ол дерек көзіне сенуге болатынын білдіреді. Егер http деп басталған сілтеме келсе онда оған күмәнмен қарау қажет. Егер сізге банк немесе микроқаржы ұйымдары сайтынан сілтеме келсе онда сол сілтемеде көрсетілген қаржы ұйымының атауына мән беріңіз. Ешкімге ешқашан жеке куәлік пен банк картаңыздың алдыңғы-артқы бейнесін фотоға түсіріп жібермеңіз. 20 сандық банк шоты мен IBAN нөмірді де біреуге жіберуден аулақ болыңыз» дейді Бияқаев. 
 

Сондай-ақ оқыңыз